universitet_mezhdunarodnogo_biznesa_uib_umb_1_mesto

«Тұран» университеті 2017 жылдың 2 наурызында Алматы қаласы жоғары оқу орындарының 1 курс студенттерінің өзге ұлт өкілдері арасында «Қазақ тілі» пәні бойынша университетаралық олимпиада өткізді. Олимпиада Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мен оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылды.

Олимпиадада қарастырылған шаралар студенттердің мемлекеттік тілге танымдық қызығушылықтарын арттыру, студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталды.

Олимпиадаға Халықаралық бизнес университеті атынан Ли Максим «Есеп және аудит», Ким Дмитрий «Халықаралық қатынастар» және Стеблевская Екатерина «Бизнес-әкімшілік» қатысты.

1-кезеңде жастар 25 лексикалық-грамматикалық сұрақтан тұратын тест тапсырмасын өте жақсы орындады. «Өзін таныстыру» сайысында үміткерлерге мамандығы, университеті, достары, отбасы, хобби туралы айтып беру талабы қойылды. Өзін нақты да көркем таныстыра білген  Дмитрий  жюридің ерекше көңіліне ілініп, Мадақтау қағазымен марапатталды. Бейнематериал бойынша Эссе жазуда тақырыптарын толық ашып, сөзқорларын ұтымды пайдалана білді.

2-кезеңде – «Өзге ұлт студенттері арасында қазақ тілінде сөйлеу дағдысының деңгейін қалай жоғары көтеруге болады?» жобасын  қорғауда біздің студенттер көрсетілімінің жаңашылдығымен, нақты ұсыныстарымен ерекшеленді.

Олимпиада нәтижесі бойынша ХБУ студенттері Бірінші орын алды.