Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына орай, біздің университет шаңырағында журналистика мамандығында оқитын студенттердің ұйымдастыруымен поэзиялық ән-жыр кеші өтті. Бұл кеште шындықтан туған поэзия иесі, ақиық ақынымыз М.Мақатаевтың өлеңдері оқылып, кішігірім қойылымдар көрсетіліп, ән шырқалды. Қазақтың біртуар ақыны:

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев…

Алайда өлтіре алмас өлеңді ешкім… — деп жырлағанындай, өзгеге ұқсамайтын, өзіндік бояуы бар қара өлеңдерін университеттің студенттері бар ынта-жігерімен оқып, мұзбалақ ақынның өлеңдерінің мәңгі өшпейтініне көз жеткізді. Ұлы ақынның «Аягөз ару», «Сезім», «Туған өлке», «Елім барда», «Емханада», «Жоқ күндерім бар күндермен өтелер», «Қайран жеңгем» тағы басқа көптеген өлеңдері оқылды, сонымен қатар, студенттер тек өлең оқып қана қоймай, сахналық қойылымға кезек беріп, актерлік шеберліктерінде көрсетті.

Мұқағали Мақатаев «өмір, достық, махаббат» — деген үш асыл дүниені ұштастырып керемет туындыларды дүниеге әкелді. Өмір, достық, махаббаттан тұратын туындыларынан студенттердің орындауында сахналық қойылымдар көрсетілді. Көрермендердің көз алдына ақын жырлап өткен заманның бейнесін елестете отырып, қуаныш пен қайғыны, сағыныш пен мұңды бөлісіп, қалың қазақпен сырлас болған ақын жырларының сазды әуенімен тербеді. Әр сөзі қорғасындай салмақты ақынымыз тірі болғанда 85 жасқа толар еді деген ой қалдырып, ақынға деген сағыныш сезімін оятты.

Халқым,

Сенің қасиетіңді білем деп,

Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!

Айтамын деп қуанышың, мұңынды,

Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!

Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,

Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды – деп аз ғана уақытта көптеген ұлы жырларын дүниеге әкелген ақын Мұқағали Мақатаев өлеңдері мәңгі қазақтың жүрегінде естелік болып қалады.