Еңбек жолын Алматы қаласындағы республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы міндетінен бастағанын, сонымен қатар, спорт журналистері Несіп Жүнісбаев, Сайын Тұрсынов, Жүсіп Хисымов т.б. ағалардың ақылын тыңдап, журналистикаға деген қызығушылығы арта түскендігін айтып өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке тілшісі болып 7 жыл көлемінде жұмыс жасағандығын, халықтың жүрегінен жол тауып, танымал журналист болу үшін талай-талай қиын белестерден сүрінбей өтіп, осындай жетістікке жеткендігі туралы да тоқтала кетті.

Журналист — қоғамдағы барлық жаңалықтарды, болып жатқан оқиғаларды, көркем туындыларды жариялайды, жарыққа шығарады. Журналист жасаушы, шығарушы деген ұғымды береді. Сондықтан, журналист — қоғамды, адамды зерттей білуден басталатындығын және баланың да, қарттың да тілін таба білу өнерін үйрену керектігін басты міндеттердің бірі деп түсіндірді. Журналистің тағы бір ең басты міндеттерінің бірі – ақиқатты жазу және тек шындық жолын ұстану керектігі жөнінде баса айтты.

Журналистика мамандығында оқитын студенттердің сұрақтарына тұшымды жауап берді. Оның әрбір сөзінің астарында үлкен мағыналы ой жатқандығы байқалды. Бейсен Құранбек «нағыз журналист болу үшін, ең бастысы — таңдаған мамандықты сүю, сарқылмас білім алу, талмай еңбек ету» — деп, студенттердің санасына мағыналы ой салды. Жеке өміріне байланысты қойылған сұрақтардың да жауабын студенттерге қызықты оқиғаларымен байланыстыра отырып жеткізді.

Студенттерге рухани азық болатындай, мағынаға толы ағалық кеңесімен және журналистік шеберлігімен бөлісті. Бұл студенттер үшін тәрбиелік мәні бар кездесу болды.